Наурыздың 4 күні Өскемен қаласында «Ақберен» сайысының Республикалық кезеңіне облыстық іріктеу сайысы өтті.
Республикалық «Ақберен» сайысының облыстық кезеңі биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Облыстың әр қиырынан жиналған оқушылар 6 бағытта өнер көрсетіп, бақ сынасты. Бірі көркем сөз оқыса, екіншісі айтыс өнерінің ізін жалғады, тағы бірі өз шығармасын танытса, енді бірі шешендік өнер жолында шыңдалды, қаламы қарымды шығарма жазу шеберлері мен ұлттық аспапта ойнаушыларды да осы сайыста кездестіруге болады.
Дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан сайыс жастарды ұлтжандылыққа, өз тілін, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін сүюге тәрбиелейді.
«Ақберен»- қазіргі кездегі шаң басып, тіптен ұмытылып қалу қаупі төніп тұрған төл мұраларымызды жаңғыртатын сайыс. Сол қасиеттерді қазіргі ұрпақ бойына сіңдіріп, байырғы ата-бабаларымызша толғанып, көркем сөз оқуды үйрететін, ұлтын, жерін сүюге тәрбиелуші — ұстаздар. Зал толы 90-ға жуық қатысушылар мен олардың тілеуін тілеп келген ұстаздар. Өскеменге жан-жақтағы аудандар мен қалалардан 16-дан аса қоманда келіп бақ сынасты. Біздің КММ «Дарынды балаларға арналған «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей- интернатының» оқушылары да бұл сайысқа жақсы әзірлікпен келген еді. Сайыс нәтижесінде «Ақындар мүшайрасы» номинациясында сайысқа түсіп, өз шығармашылығынан «Арман» атты өлеңін оқыған 10-сынып оқушысы Бағдат Ерсұлтан І орын иегері атанып, республикалық кезеңге өтті. «Шешендік өнер» номинациясында жүлделі ІІ орынды Кенжеханов Ерқанат иеленді. Бұл екі оқушыны да осы сайысқа дайындаған пән мұғалімі Каржикова Дария Саметқызының еңбегі зор. «Ұлттық аспапта ойнау» номинациясы бойынша Болат Заңғар жүлделі ІІ орын иесі атанып, жетекшісі Маныбаева Гүлнар Тілеубайқызының мәртебесін көтерді.
Командалық топ нәтижесін сарапатай келе ,«Жас Ұлан» мектеп-лицей-интернатының оқушылары барлық сайысқа қатысқан командалар арасында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Әскери мамандыққа даярлайтын ұлтжанды нағыз патриоттарды даярлайтын мекемеде өнерге жақын, шешендік өнер жолында шыңдалып жүрген ұлдарымыздың тәрбиеленуі көңіл қошын қуантады.