Дәл осылай аталатын республикалық дебат ойындары 3-4 желтоқсан аралығында Астана қаласында өтті. Елбасы академиясының қолдауымен ұйымдастырылған ұлттық гранд-турнирге еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан барлығы 330 өтініш түскен. Республикалық кезеңге өткен 28 клубтың бірі болып лицейіміздің «Арлан» фракциясы қатысып қайтты.
Дебат ойыны – белгілі бір мәселелерді талқылайтын пікірталас. Оқушыларды мектеп жасынан дебатқа баулу – болашаққа салынған инвестиция. Оқушылар ортада өзін мәдениетті ұстауды, ойын нақты жеткізуді, тың ақпараттарды іздеп, талдау жасауды үйренеді. Ұйымдастырылуы мен өткізілуі ерекше өткен ең ірі турнир «Арлан» фракция мүшелеріне, 101-взвод ұландары, Мейрамханов Темирлан мен Ягудин Касымхан үшін ерекше болды. «Жас Ұлан» клубы осы кезге дейін облыстық турнирлерде жеңімпаз болса, бұл жолы Абай облысы атынан өнерлерін көрсетіп, ой бөлісті. Турнир соңында дебат мүшелері мен жетекшісі Садуакасов Серікбол Орынгалиевич «Алғыс хатпен» марапатталды.
Ұландарымыз бұл турнирде республиканың түкпір-түкпірінен келген оқушылармен танысып, мол тәжірибе жинақтады, танымал тұлғалармен кездесті. Болашақта облыс, республикалық дебат ойындарында ойға жүйрік, сөзге шешен жастары атанатынына сенеміз және сәттілік тілейміз.