Ерліктің баспалдағы
(Ұландардың салтанатты ант қабылдау рәсімі)
«Ерлік – тәрбие жемісі», — деп Бауыржан Момышұлы бабамыз айтпақшы жас ұрпақтың бойына сапалы білім мен саналы тәрбие беріп қана қоймай болашақ әскери мамандарды даярлауда аянбай еңбек етіп келе жатқан оқу орындарының бірі, жиырма жылдық тарихы бар «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-интернаты қазанның оны күні 2015—2016 оқу жылына қабылданған ұландардың салтанатты ант қабылдау рәсімін өткізді. Әскери тәртіпті және сапалы білім беруді негізгі бағыты ретінде ұстанған лицейге қабылдануға тілек білдірген талапкерлердің биыл да қарасы көп болды. Дәстүрлі түрде өтіп отыратын бұл шарада арнайы сынақтардан өтіп барып лицейге қабылданған 88 ұлан ант қабылдады.
Ант қабылдау рәсіміне арнайы шақырылған құрметті қонақтар интернационалист жауынгер, ҚР қарулы күштерінің ардагері, генерал-майор Мартынов Александр Алексеевич, Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы Бегатов Боранбай Оразбайұлы жас ұлан қатарына қабылданушыларға анттың мән-маңызы мен жауапкершілігін, әскери тәртіп және әскери өмірдің қиындығы мен қызығын айта келе, сәттілік тіледі. Рәсімге сондай-ақ бұрынғы лицей түлектері, қазіргі ҚР Қарулы күштерінде қызмет етіп келе жатқан Байсагынов Адлет Даулбекұлы (2003 жылдың түлегі, капитан, 36803 әскери бөлімдегі 3-ші дивизионның штаб бастығы), Жакупов Артур Тасқынұлы (2008 жылдың түлегі, аға лейтенант,барлау ротасының командирі) қатысып, әскери лицейде оқу әскери маман болам деушілерге болашақтың негізгі баспалдағы екенін айтып өтті. Лицей директоры Оқасов Құрмаш Бабақұмарұлы әскери лицейдің артықшылықтарын айта келе, жаңадан қабылданушы жас ұландарға ақ жол тіледі. Ант қабылдау рәсімі құрметті қонақтардың қатысуымен жүргізілді және ұландардың ата-аналары да қатысты.
Жаңадан қабылданған ұландардың «Жас ұлан» лицейі әнұранын орындаумен жалғасқан іс-шара әсем ән мен әуезді күйге толы болды. Әсіресе, Маныбаева Гүлнара Тлеубайқызының шәкірттері 62 взвод ұланы Қуатұлы Ерасылдың орындауындағы «Мен қазақпын» әні мен 62 взвод ұланы Агиспаев Бахтиярдың орындауындағы «Біз Жас ұлан жігіттері» әндері отансүйгіштік рух беріп, көпшілік көңілінен шықты. Ант қабылдау рәсіміне арнайы келген 5511 әскери бөлімінің әскери оркестрі асқан шеберлікпен профессионалды түрде әскери музыканы әуелете орындады. Шара барысында лицейдегі «Тастүлек» ақындар үйірмесінің белді мүшелері 102 взвод ұланы Бағдат Ерсұлтан және 82 взвод ұланы Амантай Дастан жырдан шашу төгіп өз өлеңдерін оқыды. Ал 91 взвод ұландары қарудың қыр-сырын меңгеріп, қарумен дефиле көрсетсе, 92 взвод ұландары қоянқолтық өнерді еркін игергендерін байқатты. Сондай-ақ ұлттық гвардияның 5511 әскери бөлімінің сарбаздары қаруды игеру, қорғану, топтық жұмыс тактикаларынан бірнеше көріністер көрсетті.
Іс-шараның соңында Ұлы Отан соғысына қатысып, қанды қырғынды тұншықтырып, ұрпағына бақыт сыйлаған Ұлы Отан соғысында қаза болғандардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Қосымша білім беру педагогы Төлеуқоңыр Жадыра