«Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін»

(Лицей бауырластығы күні)

Сәуірдің жиырма жетісі күні «Жас Ұлан» әскери ерлер-мектеп-лицейінде жиырма жылдан аса дәстүрлі түрде өтетін «Лицей бауырластығы күні»  аталып өтті. Лицей бауырластық күніне арналған іс-шаралар легі жиырма алтыншы сәуірден бастауын алды. 1995 жылдан бері дәстүрге айналған бұл күнді атап өтудің маңызы ерекше. Себебі, осы күні алғаш лицейдің құрылған күні болып есептеледі және бұл күнді жыл сайын лицей ұландары асыға күтеді. Атаулы күнді мерекелеу барысында «Ұландар пікірі: Лицей бізге не берді? Бауырластық дегенді қалай түсінесің?» атты пікір қалдыру бұрышы ашылды. Ұландар лицей туралы, бауырластық хақында өз пікірлерін еркін білдіріп, тұшымды ойлары мен тұжырымды пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, сәуірдің жиырма алтысы күні Дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Лицей тарихы»  атты мерекелік іс-шара өтті. Шараға лицейдің ашылуынан бастап еңбек етіп келе жатқан, лицей тарихын білетін тарих пәнінің ұстазы Ерхан Салихұлы мен лицейдің «Даңқ» әскери-патриоттық мұражайының меңгерушісі Хаджимұрат Шаяхметұлы қатысып, ұландармен келелі әңгіме сұхбат құрды және лицей тарихы туралы кеңірек мәлімет берді.

Ал сәуірдің жиырма жетісі күні лицей бауырластығы күніне арналған мерекелік сап құру салтанаты өтті. Шара барысында лицей өміріне белсене қатысқан ұландар мақтау қағаздарымен марапатталса, біршама ұландарға алғыс білдірілді. Сонымен қоса, республикалық, облыстық, қалалық сайыстардың жеңімпаздары марапатталды.

Атаулы күн аясында «Біз бірге күшпіз» атты психологиялық тренингтер, лицей бауырластығы күніне арналған тәрбие сағаттары, кедергілер жолағынан өту, футбол сияқты спорттық ойындар өткізілді.

                                     Қосымша білім беру педагогы: Төлеуқоңыр Жадыра