Елімізде педагогтардың мәртебесін көтеріп, үздіктерді анықтау мақсатында республикалық «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Игі дәстүр жалғасын тауып, биыл республика бойынша 64 педагог үздік деп танылды. Жеңімпаздар «Үздік педагог-2022» статусынан өзге арнайы медаль және 3 миллион теңгелік жүлде қорын иеленді. Оқ бойы оза шығып, сараланған еңбектің ішінде жоғары бағаға ие болғандардың бірі, лицейіміздің информатика пәні мұғалімі – Мәдина Сейсенбекқызы.
Қалбағаева Мәдина Сейсенбекқызы Семей педагогикалық университетінің түлегі. Алғаш еңбек жолын Бөкенші орта мектебінің информатика пәні мұғалімі ретінде бастаған. Дарынды балаларға арналған «Жас Ұлан» ерлер мектеп-лицейінде 2005 жылдан бері табан аудармастан еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында біліктілігін жетілдіріп, шәкірттері облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды. Ақын М.Шаханов «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» демекші, М.Сейсенбекқызы сынып жетекші ретінде де әр ұланның көңіліне жол таба білді. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұландардың жан жақты дамуына өз үлесін қосып келеді.
Әріптесіміз Мәдина Сейсенбекқызын тамаша жеңісімен құттықтай отыра, отбасына амандық, деніне саулық, абырой мен биік белестер тілейміз.