Жас кадеттердің сенатор және депутаттармен кездесуі.

  Астана қаласында ақпан айының 17 күні өткен бұл жиынның Қазақстанның жас патриоттарына асқақ арман мен болашаққа жетелер үміт сыйлады. «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп–лицей–интернатының» 11-сынып оқушысы Кенжеқанов Ерқанат осы кездесудің куәгері болып қайтты.

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы, Қорғаныс Министрі мырза, төралқа мүшелері, қонақтар!

Жігерлі жастардың басын қосатын күші мен намысын шыңдайтын «Айбын» жиынының дәстүрлі түрде өткізу идеясы мен жоғары деңгейде ұйымдастырылуы барысына айтар алғысымыз шексіз.  «Айбын-2016» Республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны бізге, Қазақстан жастарына, әскери даярлығымызды шыңдауға мүмкіндік берді. Бұл сайысқа бойында оты мен жігері бар, қазыналы қазақ елінің түкпір-түкпірінен жиналған нағыз патриот жастар жиналды.

Айбын жиыны өзім сияқты көптеген арманшыл жастарға достар табуға септесті. Әр өңірден келген замандастарымызбен қауышып, білім және күш бәйгесіне түстік. Бұл да біздің бәсекелестігімізді күшейтіп, ынтымағымызды нығайта түсті.

Семей қаласынан келген «Арлан» командасына «Айбын» жиынында   үздік атану оңайға түскен жоқ. Дегенмен табандылық пен шыдамдылық, бірлік пен ынтымақтастық біздің команданы жеңіске жетеледі. Қарсыластарымыздың да бұл жиынға асқан дайындықпен келгені,  күш-жігерін  жеңіс жолында жұмсағаны сайыс барысында анық  байқалды.

Құрметті, Дариға Нұрсұлтанқызы,  сіз әрқашан жастарға қамқор болып жүресіз. Биылғы жылы болатын, халықаралық деңгейдегі  «Айбын»жастар жиынында жеткіншектермен кездесіп, Қазақстанның нағыз патриоттарын жігерлендіру мақсатында  кездесуге келу ұсынысын қабыл алсаңыз дер едім.

Өскелең ұрпақтың бойында бала кезінен патриоттық сезімді ұялату, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті     арттыру мақсатында өткізілген жиынның берері көп болды. Бүкіл бір ұлтты бір арнаға ұйытып, халықты сүюге ел үшін бар күш –жігерін жұмсайтын жас буындар тобын қалыптастыруға  ықпал ететін тағылым көзі екенін көкейімізге түйіп, көңілімізге бекіттік.

Бүгінде әлемге әйгілі Қазақ елі — Мәңгілік ел! 550 жылдық тарихы бар, 25 жылдық таңбасы мен берік іргесі бар, биік тұғыры бар Қазақстан Республикасы жас та болса жасампаз, жігерлі де қайратты,- деп аяқтады сөзін жиынға қатысушы Кенжеқанов Ерқанат.