Қарашаның 22 жұлдызында салтанатты түрде әлем чемпиондарын қарсы алдық. 2021 жылдың 14-18 қараша аралығында Украинаның Харьков қаласы «Локомотив» спорт сарайында Панкратионнан әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 20 мемлекетінен 400-ден астам спортшылар қатысты.
Панкратионнан Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі, «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» КММ қоян-қолтық ұрыстан жаттықтырушысы Какимов Құрмет Бахытбекұлы 2021 жылғы панкратионнан әлем чемпионатының күміс жүлде иеленді.
Какимов Құрмет Бахытбекұлы — Шығыс Қазақстан облысының аралас жекпе жек, Панкратион және Грэпплинг федерациясының президенті; әскери самбо, ММА, Панкратионнан Қазақстан Республикасының спорт шебері; әскери самбо, Панкратион, ММА, NOMAD MMA, Кудо-дан Қазақстан Республикасының 9 дүркін чемпионы; әскери самбо және Кудодан Азия чемпионатының қола жүлдегері; Қазақстан Республикасының “Құрметті спорт қызметкері”.
Панкратионнан Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі, «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» КММ 2020-2021 оқу жылының түлегі, қазіргі таңда Петропавлвск қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан институтының 1 курс курсанты Зубаиров Нияз Марғұланұлы. Ол әлем чемпионатында Венгрия, Белоруссия және Украина елдерінен шыққан қарсыластарына тізе бүктірді. Жарыс нәтижесі бойынша Нияз Tradition бөлімінде 18-19 жас аралығындағы 100 кг. салмақ дәрежесінде 1 орын алып әлем чемпионы атағын иеленіп, «спорт шебері» санатын растады. Сонымен қатар Нияз Elite бөлімінде күміс жүлдені иеленді.
Біздің чемпион 2002 жылы Павлодар облысы Павлодар қаласында дүниеге келген. 2014-2015 оқу жылы «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» КММ 5-сыныпқа оқуға қабылданды. Нияз 5-сыныптан бастап спортқа өте бейім болып, әртүрлі спорттық іс- шараларға қатысып, үнемі жүлделі орындар алып жүрді.
9-сыныптан бастап жаттықтырушы Какимов Курмет Бақытбекұлының жетекшілігімен Панкратион, Номад ММА, Кудо, Грепплинг спорт түрлерімен лицей қабырғасында айналыса бастады. 2021 жылы лицейді бітіргенде оның қоржынында Панкратионнан спорт шебері, Грепплингтен спорт шеберіне үміткер, Кудодан спорт шеберіне үміткер, Панкратионнан Қазақстан Республикасының чемпионы сияқты санаттары болды.
Сонымен қатар осы мақтанышқа толы кездесу жалғасы Зубаиров Нияздың тәрбиеленіп шыққан ‘ ЖАС ҰЛАН’ лицейінде жалғасын тапты. Әлем чемпионы атағын иеленіп Қазақстанның көк туын бүкіл әлемге биіктеткен Зубаиров Нияз өзінің білім ордасы Лицей қабырғасына келіп өзінің жетістіктерімен артынан ерген бауырларына аброй, намыстың арқасында осындай жеңіске жеткені туралы айтып жақсы бір кездесу кеші орнады.